Арена

Арена

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы халықаралық стандарттарға толық сай келетін заманауи аренамен жабдықталған. Арена түрлі жарыстарды, республикалық және халықаралық деңгейдегі чемпионаттарды өткізуге, сондай-ақ мәдени-көпшілік іс-шараларды (қазақстандық және шетелдік жұлдыздардың концерттері, конференциялар, форумдар және т.б.) ұйымдастыруға арналған.

Аренаның жалпы аумағы — 3 294,6 м², көрермендерге арналған сыйымдылығы — 5000 орын. Аренаның функционалдық мүмкіндіктерін толық өзгерте алатындығы ғимараттың көпбейінді ерекшелігі болып саналады. Өткізілетін іс-шараның ерекшелігіне қарай аренаның орталық кеңістігі арнайы жабдықталады. Мұнда бокс рингі, дзюдоға арналған татами, гимнастикалық кілем, таеквондоға арналған даянг, күрес кілемдері, баскетбол, волейбол алаңдары немесе концерт сахнасын орналастыруға болады.

Аренаның тағы бір ерекшелігі — канадалық үйеңкі ағашынан жасалған жабындысы. Бұл ағаш арнайы өңдеуден өткізіледі, соның арқасында ылғалды табиғи сіңіру процесі тежеліп, паркет элементтерінің сызықтық өлшемдерінің өзгеруі мүлде болмайды. Бұл еденге қарапайым паркетке тән емес жоғары тұрақтылық береді.

Арена келесі заманауи жабдықтармен қамтылған:

  • залдағы орынды үнемдеуге арналған электржетекті бірегей телескопиялық төменгі трибуна;
  • VIP-орындар (24 орын);
  • скайбокстар;
  • көлемі 8,6 (ені) × 4,8 (биіктігі) м болатын 2 LED экран;
  • жалпы көрсету аумағы 152,8 м² болатын XS LED медиа-кубы;
  • төрешілер трибуналары;
  • спорт комментаторларына арналған кабиналар;
  • журналистерге арналған 72 орындық заманауи баспасөз орталығы.

Сарай мүмкіндігі шектеулі және жүріп-тұруы қиын азаматтарға бейімделген. Мұнда арба пайдаланушылар мен оларды алып жүретін адамдарға арналған арнайы орындар, сондай-ақ аренаға қолжетімділікті қамтамасыз ететін панорамалық лифт қарастырылған.

Анықтама үшін телефон: +7 7172 70 25 92

Мекен-жайымыз: Астана қаласы, Нұра ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 43