5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындық

5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындық

5 қыркүйек күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен ҚР ұлттық құрамаларының 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына дайындық аясында БАҚ өкілдеріне арналған ашық жаттығу ұйымдастырылды.

«Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК-ның ұйымдастыруымен өткен ашық жаттығуға қазақ күресі, алыш, кураш, аштырмалы аба күреши және көрәш спорт түрлерінің өкілдері қатысты.

Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновтың айтуынша, алдағы кешенді ойындарда қазақ күресінің балуандарының 9 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алатын әлеуеті бар.

«5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына қатысатын спортшылар әділетті іріктелді. Жарыс барысында қазақ күресінің белдесулерін төрешілер алқасының төрағасы Қайрат Пазылбек және басқа да шетелдік мамандар төрешілік жасайды. Бүгінгі таңда 46 мемлекеттен өтініш келіп түсті. Ұлттық құрама балуандарының басты қарсыластары – Өзбекстан, Грузия, Әзірбайжан, Ресей, Моңғолия елдерінің балуандары. Соңғы жылдары бұл елдердің спортшылары өте жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Алдағы жарысқа рейтингтік додаларда үздіктер қатарынан көрініп жүрген спортшылар келеді. Яғни, бәсекелестік өте жоғары болмақ. Дегенмен, балуандарымыз жоспарланған жүлделерді алады деген сенімдеміз», – дейді Дамир Әсенғазыұлы.

Еске сала кетейік, 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары аясындағы қазақ күресінің жарысы 9-10 қыркүйек күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.