Бүгін Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе жек сарайында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Жұлдызай» Ұлттық Инклюзивті Ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл шара биыл Жақсылық Үшкемпіров ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, даңқты палуанды еске алумен басталды.
Аталмыш ойындарға 10-16 жастағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысады, олар жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, ұлттық ойын түрлері: «бес тас», «асық ату» және «тоғыз құмалақ» сияқты спорттың жеті түрінен сайысатын болады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар саны 400-ден астам баланы және 80 жаттықтырушыны құрап отыр.
Биылғы Ойындардың өтуіне ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетімен қатар, ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті, «Жұлдызай және К» Қоғамдық қоры, Астана әкімдігінің спорт басқармасы да атсалысуда.
Бас серіктес – «Sport qory» спортты қолдау қоры, Samruk-Kazyna Trust қоры және ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті болса, ақпараттық серіктес ретінде «Qazsport» телеарнасы ниет білдірді.