Бүгін Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының ұжымы мен Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының оқытушылары және студенттері Наурыз мерекесін бірге атап өтті.
Салтанатты жиынға Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының директоры қызметін атқарушы Жандос Үшкемпіров және Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Күлбаев Айбол қатысты.
“Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өткен мен бүгінді сабақтастырып келе жатқан, сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың төл мерекесі құтты болсын! Бүгін қазақ спортының дамуына үлес қосып жүрген олимпиадалық даярлау орталығының мамандары мен еліміздің көк байрағын көгімізде желбірететін болашақ чемпиондарымыздың басын қосып, осынау ұлы мейрамды атап өткелі отырмыз. Барлығыңыздың тілектеріңіз қабыл болып, жерімізде тыныштық, елімізде молшылық болғай! Наурыз құтты болсын!”,-деді Жандос Жақсылықұлы.
Мейрамға арналған жиында халқымыздың дәстүрлері, атап айтқанда, қыз ұзату, беташар, бесікке салу және тұсаукесер көрініс тапты.
Сонымен қатар, ұлттық ойындардан асық ату мен арқан тартыс та болды.
Алтықанатты екі киіз үй тігіліп, қонақтарымыз ұлттық тағамдардан дәм татты.