Боччадан ел кубогы: елордалық Итиана Шыңғысханқызы ең үздік ойыншы атанды

Боччадан ел кубогы: елордалық Итиана Шыңғысханқызы ең үздік ойыншы атанды

Астанада алғаш рет өткен боччадан ел Кубогының жабылу рәсіміне Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген бочча шеберлерін марапаттады.

Құттықтау сөзінде Мәулен Әшімбаев сайыстың жоғары деңгейде өткенін және ерекше спортшылардың шеберлігі мен табандылығын айрықша атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды.

- «Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Келесі жылы бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алғаш рет боччадан ұлттық жасөспірімдер құрамасын жасақтаймыз. Федерация Туризм және спорт министрлігінің және демеушілердің қолдауымен келесі жылы ел чемпионаты, республика Кубогы, Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнир сияқты кем дегенде үш ірі республикалық жарыс ұйымдастыруды көздеп отыр. Одан бөлек, ұлттық құрамамыз бірқатар халықаралық додаларға қатысады», – деген Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға, оларға қолдау көрсетіп, белсенділік танытқан жаттықтырушылар мен ата-аналарға алғыс білдірді.

Төрт класс бойынша өткен ел Кубогында бас аяғы 57 пара спортшы бақтарын сынады. Екі күндік үздік нәтижелерімен 34 бочча шеберлері жеңіс тұғырынан көрінді. Олардың қатарында Астана қаласының бочча шеберлері де бар.

Әйелдер арасында кубоктың үздік ойыншысы елордалық Шыңғысханқызы Итиана деп танылса, ал ерлер арасынан Павлодарлық Құрмантай Александр үздік ойыншы атанды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі додада жеңіске жеткендері Ұлттық құрама сапына қабылданып, алдағы халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, ел тарихында бірінші рет өткен жарыс 8-9 желтоқсан күндері елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.

Астаналық бочча шеберлерінің нәтижелері:

  • Жасөспірім ұлдар (ВС1) арасында:

2 орын - Шакиров Ельхан

3 орын - Алмат Ерхат

  • Жасөспірім қыздар (ВС1) арасында:

3 орын - Шайдурова Виктория

  • Жасөспірім ұлдар (ВС3) арасында:

1 орын - Осипенко Ярослав

3 орын - Алдаберген Аязби

  • Ересек қыздар (ВС2) арасында:

1 орын - Шыңғысханқызы Итиана

  • Ересек ерлер (ВС3) арасында:

1 орын - Алтынсары Темірлан