Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы әрі Qazaq Kuresi Ассоциациясының президенті Ербол Мырзабосынов CISM күрес спорт комитетінің президенті Насер Хассанимен кездесті.
Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен кездесуге Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов, “Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы” РМҚК директоры Жандос Үшкемпіров қатысты.
Шара барысында тараптар 2025 жылы Астана қаласында қазақ күресі бойынша әскери қызметшілер арасында өтетін тұңғыш Әлем чемпионатын өткізуді ұйымдастыру және өткізу мәселелерін талқылап, әріптестікті нығайтуға және әскери спорт дәстүрлерін арттыруға жәрдемдесуге өзара ниет білдірді.
Спорт комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов өз сөзінде әскери қызметшілер арасындағы тұңғыш Әлем чемпионатын Астана қаласында өткізуді маңыздылығына тоқталып өтті.
– Біз ата-бабамыздан мирас болып жеткен асыл мұра – қазақ күресін ел ішінде қазақ күресін тәрбие құралы ретінде дәріптесек, халықаралық аренада оны ұлтымыздың бренді ретінде насихаттауымыз қажет. Бүгінгі күні ұлттық ойындарымыздың бірін әлемдік кешенді ойындарының қатарына жүйелі енгізу бойынша үлкен мақсатымыз бар. Егер қазақ күресі 140 елдің әскери қызметшілері мүше болып табылатын CISM бағдарламасына кірсе, бұл төл күресіміздің әскерилердің арасындағы танымалдығын арттырып, оның жан жақты дамуына зор үлесін қосады деп сенемін, – деді Ербол Қуантайұлы.
Тараптар өтуіне бір жыл уақыт қалған чемпионатқа дайындық аясында «Жол картасын» жасап, іріктеу кезеңдерін өткізу, төрешілер семинарларын ұйымдастыру бойынша уағдаласты.
Насер Хассани мырзаның айтуынша, 2027 жылы Иранда CISM жетекшілігімен әскери қызметшілер арасында еркін күрестен және грек-рим күресінен Әлем чемпионаты өтеді. Шетелдік қонақ бұл жарыстың бағдарламасына қазақ күресін енгізуге ниетті екенін және бұл бағытта жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап айтты.
Ал ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Арман Әбеуов алдағы чемпионатқа дайындықтың барысы туралы баяндап, өз ұсыныстарын жеткізді.
Айта кетсек, әлемдегі ең ірі спорт ұйымдарының бірі саналатын Conseil International du Sport Militaire 140 елдің әскери қызметшілерін біріктіреді.