Бүгін Астана қаласында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Қазақстан мен Нидерланды құрамалары арасындағы 2024 жылғы футзалдан Әлем чемпионатының элиталық іріктеу кезеңінің матчы өтеді.
Біздің команда Румыния, Әзірбайжан және Нидерланды құрамаларымен бірге "А" тобында өнер көрсетеді. Төрт турдан кейін Қазақстан 12 ұпаймен топта көш бастап тұр. Нидерланды құрамасы қоржынында 1 ұпаймен төртінші орында. Айта кетейік, ұлттық құрама еуропалық рейтингте 4-ші, ал әлемдік рейтингте – 7-ші орында.
Матч қарсаңында туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев команданың жаттығуына қатысып, футболшыларымызды қолдады. Футзал жасағының бас бапкері Кака алдағы матч алдында жігіттердің дайындығы мен жауынгерлік көңіл-күйі туралы айтты.
"Футзалдан Қазақстан құрамасы әлемдегі ең мықты командалардың бірі болып табылады. Өткен әлем чемпионатында Қазақстан 4-ші орынға ие болды, біз 2016 жылы Еуропа чемпионатында қола жүлдегер болдық. Біздің құраманың жеңісін тілеймін. Әлем чемпионатына өту дәл осы ойында туған қабырғада өтеді деп сенеміз", - деді Ермек Маржықпаев.
Футзалдан Әлем чемпионатының элиталық іріктеу кезеңі 14-20 желтоқсан аралығында екі матчпен аяқталады. Осы матчтардың біріндегі жеңіс Қазақстан құрамасына 2024 жылғы 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Ташкент қаласында (Өзбекстан) өтетін 2024 жылғы Әлем чемпионатының финалдық турниріне бірінші орыннан тікелей шығуға мүмкіндік береді.