Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында парадзюдодан Азия чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті

Астанада пара дзюдодан Азия чемпионаты басталды.

Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында парадзюдодан Азия чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, IBSA Дзюдо төрағасы (Дүниежүзілік Пара Дзюдо Ұйымы) Янош Тардос және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып,  параспортшыларға сәттілік тіледі.

Шараның ресми ашылуы барысында «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері» спорттық атағымен елордалық қос спортшы Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шамей арнайы төс белгімен марапатталды.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» спорттық атағымен  Дәурен Оразовқа және Руслан Беркімбайға арнайы төс белгі табысталды.

Айта кетейік, дүбірлі додаға Азияның 11 елінен 100-ге жуық үздік дзюдошылар жиналды. Атап айтқанда, Қытай Тайпейі, Үндістан, Иран, Жапония, Қырғызстан, Моңғолия, Корея Республикасы, Тайланд, Индонезия, Өзбекстан және Қазақстан елдерінен пара дзюдошылар үш күн бойы өзара жеке және командалық жарыстарда мықтыларды анықтайтын болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша осы Азия чемпионатының қатысушылары арасында Паралимпиада және әлем чемпиондары, Паралимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпионатының жүлдегерлері де бар.

Астананың төрінде өтіп жатқан пара дзюдодан Азия чемпионаты 30-шы сәуірге дейін жалғасады. Көрермендер үшін кіру тегін.