Ағымдағы жылдың 29 мамыр күні Е.Бүкетов атындағы Қарағанды Университетінің бірінші курс студенттері Астанадағы Олимпиадаға дайындық Штабында болып, жұмыс барысымен танысты. Штаб жетекшісі Елсияр Қанағатов және ҚР Туризм және спорт министрінің қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшарип басты додаға дайындық туралы егжей-тегжей баяндап, студенттердің бірқатар қызықты сұрақтарына жауап берді. Оның ішінде - Парижде бой көтеретін Олимпиада қалашығы жайында, ойындардың салтанатты ашылу рәсімі мен жарыстар туралы сөз қозғалды. Жастар еліміздің намысын қорғайтын спортшылардың қазіргі дайындығы туралы ақпаратқа ерекше назар қойып, оларға сәттілік тілеп, Олимпиада кезінде бір ауыздан жанкүйер болатынын жеткізді.
Сапар барысында студенттер Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайымен танысты. Атақты қазақстандық балуан Жақсылық Үшкемпіровтің атымен аталған бұл заманауи спорт кешені жекпе-жектің әртүрлі түрлерін дамыту, жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау және түрлі іс-шараларды өткізу орталығы болып табылады.