Навигация

«КИЕЛІ МЕКЕН»: ДАҢҚТЫ ПАЛУАНДАР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

«КИЕЛІ МЕКЕН»: ДАҢҚТЫ ПАЛУАНДАР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. «Киелі мекен» ұранымен басталған экологиялық акцияға Астана қаласының еркін күрес шеберлері бүгін өз үлестерін қосты.

Олар Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінен Әлем чемпионы, екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткішіне және айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Айтулы шараға еркін күрестен ардагерлер арасында Әлем чемпионы, әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов, еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан,  және грек-рим күресінен U20 арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, республикалық турнирдің жеңімпазы Мақсат Сайлау сынды спортшылар қатысты.

Еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы елордалық Ризабек Айтмұхан табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған тамаша экологиялық акцияны қолдайтының жеткізді. 

«Киелі мекен» апталығы басталғалы 40-тан астам ескерткіш тазартылды. Елордада барлығы 117 ескерткіш болса, оның 46-сы – мемлекет қорғауында. Айта кету керек, Астанада ауқымды экологиялық науқан жалғасуда. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұл апта «Киелі мекен» деп аталады.