Бүгін елорда төріндегі грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем және олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында даңқты палуанды еске алуға арналған еркін күрестен республикалық турнир басталды.
Астанада төртінші мәрте өткізіліп жатқан республикалық турнирге еліміздің барлық өңірлерінен келген 24 команда бақ сынап жатыр. Айтулы жарыстың ашылу салтанатына жас балуандарды қолдауға грек-рим күресінен Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, ҚР еркін және әйелдер күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Канатканов және ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов арнайы келді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша биылғы жарыстың бірден бір ерекшелігі турнир республикалық деңгейде өткенімен, жас спортшылар ешқандай іріктеусіз қатысу мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті.
Еліміз бойынша еркін күресті дамыту және танымал ету, спорт шеберлігін арттыру және облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мықты спортшыларын анықтау мақсатында ұйымдастырылып жатқан турнирге 2012-2014 жылдары туған балалар мен 2009-2011 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталатын болады.