Астанада алғаш рет пара волейболдан Азия чемпионаты басталды!
Елорданың 25 жылдығана орай 3-8 шілде аралығында Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алғаш рет волейболды отырып ойнаудан (пара волейбол) Азия чемпионаты өтуде.
Байрақты бәсекеге Қазақстан, Жапония, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Тайланд, Ирак және Иран мемлекеттерінен 200-ге жуық спортшы қатысады. Чемпионаттың жеңімпаздары Париж-2024 XVII жазғы Паралимпиада ойындарына жолдама алады.
Осы орайда жарыстың ашылу салтанатына ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Азия волейбол федерациясының президенті Лу Кай Лан, Қазақстан волейбол федерациясының президенті, ҚР парламенті мәжіліс палатасының депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Алия Абсеметова қатысты.
Спортшыларды құттықтап, сәттілік тілегеннен кейін ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау тілегін көпшілікке оқып берді:
«Құрметті Пара волейболдан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатына қатысушыларға!
“Құрметті спортшылар, қадірлі қонақтар, жанкүйерлер! Сіздерді Пара волейболдан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының ашылуымен құттықтаймын! Бұл спорт сүйер қауым үшін айтулы оқиға. Байрақты бәсекеде Азияның 9 елінен келген 200-ден астам спортшы бақ сынайды. Құрама командалардың күш-жігері, әдіс-тәсілі, шапшаңдығы және шеберлігі сынға түседі. Қазақстанда пара спорт саласын, соның ішінде пара волейболды дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар жандардың спортпен айналысуына баса мән беріледі. Бүгінгі дүбірлі дода – соның дәлелі. Халықаралық сайыста арнайы келген спортшыларға және оны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Азия біріншілігінің Қазақстанда өткізілуі елімізде пара спортты дамытуға тың серпін береді деп, сенемін. Баршаңызға денсаулық, толағай табыс тілеймін. Жеңісті күндер көп болсын!”