Орталық Коммуникациялар қызмет залында күрес түрлерінен Азия чемпионатына арналған баспасөз конференциясы өтті

Орталық Коммуникациялар қызмет залында күрес түрлерінен Азия чемпионатына арналған баспасөз конференциясы өтті

Бүгін елордада Орталық Коммуникациялар қызметі залында күрес түрлерінен өтетін Азия чемпионатының баспасөз конференциясы өтті.

Жиынға Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бектенова Айгүл Бақытжанқызы, Қазақстан күрес федерациясының Бас хатшысы Сұлтанов Димаш Рафхатұлы қатысты.

Спикерлер аталған доданы таныстырып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

"Бұл жарыста еліміздің намысын 3 күрес түрінен 30 спортшы қорғайды. Олардың орта жасы грек-рим күресінен-29 жас, әйелдер күресінен-25 жас және еркін күрестен-24 жас.

Азия чемпионатында бірінші орынға-2300$, екінші орынға-1400$, үшінші орынға-900$ сыйақы тағайындалған. Бұл сыйақы тек жеңімпаз спортшыларға емес, олардың жаттықтырушыларына да беріледі. Сонымен қатар, "Халықаралық дәрежедегі спорт шебері" деген атақ та қарастырылды",-деді Айгүл Бақытжанқызы.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 9-14 сәуір айында Астанада Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 20-ға жуық мемлекеттің балуандары қатысатын күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтеді.

Алғаш рет Азия чемпионаты 1979 жылы тек еркін күрестен өтсе, екі жылдан кейін грек-рим күресінің балуандары Сары құрлықтағы мықтыларды анықтады. Әйелдер күресінен Азия чемпионаты 1996 жылдан бері өткізіліп келеді.