Бүгін Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында волейболды отырып ойнаудан (пара волейбол) Азия біріншілігі өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде ерлер командаларының арасында Иран бірінші орынға, Қазақстан екінші орын, ал Қытай құрамысы үшінші орынға тұрақтады.
Әйелдер құрама командаларының арасында чемпионаттың алтын жүлдесін - Қытай құрама командасы, ал күміс медельды - Иран құрамасы, қола медальды - Жапония иеленді.
«Елорданың 25 жылдығына орай өткізілген волейболды отырып ойнаудан Азия чемпионаты аяқталды. Жарыс Мәдениет және спорт министрлігінің, Астана қ. спорт басқармасының, «Спорт қоры» және «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен жоғары дәрежеде өтті. Биыл елімізде пара волейболдан алғаш рет өткізілген Азия біріншілігіне 8 мемлекеттен 200-ге жуық спортшы қатысты», - деді Қазақстан пара волейбол федерациясының бас хатшысы Батыр Қадырбайұлы.
Айта кетсек, пара волейболдан Азия чемпионаты шілде айының 3-8 аралығында Астана қаласында өтті. Жарыстың нәтижесінде ерлер командаларының арасында Қазақстан құрамасы және әйелдер командаларының арасында Қытай спортшылары Париж-2024 Паралимпиада ойындарының жолдамасын жеңіп алды. Оған қоса, чемпионаттың үздік шабуылдаушысы ретінде қазақстандық спортшы Эрик Қасқабаев, ал үздік үйлестіруші - Бауыржан Сартаев атанды.