Қазақстан құрамасы күрестен Азия Чемпионатын 7 алтын медальмен қорытындылады.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы Астанада өткен Азия чемпионатында жалпы есепте 1-орын алды.
Бүгін елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатқан грек-рим, әйелдер және еркін күрес түрлерінен Азия чемпионатының соңғы күнінде Қазақстан құрамасы тағы 2 алтын жүлдеге ие болды.
Олар 74 келі салмақта бақ сынап, финалдық бәсекеде жапондық Кирина Киношитудан 7:2 ұпаймен басым түскен Дархан Есенғали және 86 келіде белдескен екідүркін Азия чемпионы Азамат Дәулетбеков.
Ол финалда ирандық спортшы Алиреза Каримиді 4:1 ұпаймен жеңді.
Күміс жүлдені Ризабек Айтмұхан (92 кг) және Юсуп Батырмурзаев (125 кг) иеленді.
Ал 57 келіде өнер көрсеткен Рахат Қалжан қола жүлдені қанағат тұтты.
Бұл еркін күрес балуандарының құрлықтағы ең жоғарғы көрсеткіші.
Қазақстан құрамасы күрестен Азия чемпионатын 7 алтын медальмен қорытындылады.
Айта кетейік, жарыстың алдыңғы күндері грек-рим күресінен Ибрагим Магомадов, әйелдер күресінен Жамиля Бақбергенова мен Эльмира Сыздықова және еркін күрестен Болат Сақаев пен Санжар Досжановтар көк туымызды желбіреткен болатын.
Азия Чемпионатының жалпы қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының нәтижесі мынандай:
Еркін күрестен құрама 4 алтын, 2 күміс, 1 қола иеленіп, командалық есепте 1 орынды иеленді.
Әйелдер күресінен 2 алтын, 3 қола медальмен жалпы есепте 4 орын.
Грек-рим күресінен 1 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлдемен жалпы есепте 3 орын.
Спортшыларымыз бен олардың бапкерлерін шын жүректен құттықтаймыз!